ещё
свернуть
Все статьи номера
№4, 2018
МАМАН КЕҢЕСІ

Мектептегі баға мен бағалаудың психологиялық проблемалары

Мектепке қабылдану – бала өміріндегі айтулы оқиға және жаңа кезең. Бұл оқиғаға бала мінез-құлқының екі айқындаушы уәжінің қайшылыққа түсуі тән: қалау уәжі («қалаймын») және міндеттілік уәжі («керек»). Егер қалау уәжі әрқашан баланың өзінен шығатын болса, міндеттілік уәжін көбінесе үлкендер бастайды.

Оқушының әлеуметтік өміріндегі баға мен бағалау

Мектепке қабылданған бала өзін қоршаған адамдардың пікіріне, бағалауы мен қарым-қатынасына өте тәуелді болып қалады. Өз атына айтылған сыни ескертулерді ұғыну оның көңіл күйіне әсер етеді және өзін-өзі бағалаудың өзгеруіне алып келеді. Бала үлкендерге және өзінен неғұрлым ересек балаларға үлгі ретінде қарайды, соның арқасында тәртіп нормативтерін орындайды. Бұл оның ерекше бір қорқынышты сезіне бастауына: өзін мазақ қып тұр немесе ынжық деп санайды деген ойға әкеледі.

Көп жағдайда бала жаңа өмірлік жағдайға бейімделеді, оған қорғану тәртібінің сан алуан формалары көмектеседі. Үлкендермен және құрдастарымен жаңа қатынастарда ол рефлексияны дамытуды жалғастырады. Бұл ретте жетістікке жете отырып және жеңіліске ұшырай отырып, басқаларға үстемдік ету немесе қызғаныш сезімін бастан өткеруі мүмкін. Онымен бір мезгілде басқалармен сәйкестендіруге қатысты даму қабілеті пайда болған жағымсыз жайттардың қысымын түсіруге және қарым-қатынастың қабылданған жағымды формаларын дамытуға көмектеседі.

Осы жас кезеңінде психологиялық қиындықтар, эмоционалдық проблемалар, мінез-құлықтың бұзылуы жиі кездеседі. Әдетте даму процесі көріністерінің осындай себептерінің арасында әлеуметтік позициясы мен әлеуметтік даму жағдайының (күн тәртібі, үлкендермен қарым-қатынас) ауысуына байланысты қиындықтар аталады. Сондықтан да 1-ші сыныпта бағасыз жүйе енгізілді (бірінші жартыжылдықта). Міне, сондықтан да 1-сыныпта мұғалімдер жоғары сапалы білім береді.

Баланың мектептегі өміріндегі баға мен бағалау

Мектеп жұмысының тәжірибесінде баға мен бағалау қолданылады. Көбінесе бағалау дегенде баға түсініледі және керісінше.

Бағалау – кеңейтілген бағалау пайымдамасында көрініс беретін бағалау процесі. Бағалау әдетте ауызша түрде білдіріледі және бағаның алдында болуға тиіс.

Баға – оқушылардың оқығандық деңгейін белгілейтін білімін цифрмен білдіру. Баға балмен көрсетіледі және бағалауға сүйеніп шығарылады.

Мектептегі мазасыздану сондай-ақ бағамен және бағалаумен тікелей байланысты. Мектеп оқушыларында көбінесе айналасындағылардың күткен үміттерін ақтай алмаймын ба деген қорқыныш болады, кейде өз болмысын таныту қорқынышы, мұғалім алдындағы қорқыныш туындайды.

Зерттеулер көрсеткендей, мектептегі ең үлкен қорқыныш – білімін тексеру жағдайының қорқынышы. Егер оқушы үнемі теріс баға алса, сәтсіздікке күйзелу өзіне деген сенімсіздік тудырады, соның салдарынан талаптану деңгейі төмендейді. Бұл оқу қызметіне оң көзқарастың қалыптасуына кедергі келтіреді, ынтасы сөне бастайды.

Баға мен бағалау балалардың айналасындағылармен өзара қарым-қатынасына айтарлықтай әсерін тигізеді. Бағалар құрдастары арасындағы беделінің биік немесе төмен болуына себепші болады, мектептегі және отбасындағы жанжалға түрткі болады, тіпті суицидтің себебіне де айналуы мүмкін. Егер жетістігі орнықсыз болса және бала үнемі өз атына сөгіс естісе, жазаға тартылса, ол қалыптасқан қатынасты сақтау және жанжалды болдырмау тәсілін іздейді. Мұндай тәсілдер қыдырымпаздық, алдау, көшіру болуы мүмкін.

Баға әлеуметтік селекция өткізуге көмектеседі деген пікір бар: «әлеуметтануда жолы болғыштар» – үздіктер – университетке түседі, абыройлы мамандықтарға, лауазымға, жоғары жалақыға қол жеткізеді; «жолы болмағандар» құрдымға кетеді (қылмыскерлер, қайыршылар, жұмыссыздар, қаңғыбастар). Мұның бәрі көбінесе мектептегі бағадан басталады. Оқудағы табысқа жетпегендер уақыт өте келе өмірде де еш табысқа жете алмауы әбден мүмкін.

Балалар өздері жіберген қателікке әрқилы қарайды. Біреулер тапсырманы орындай отырып, оны мұқият тексереді, басқалар бірден мұғалімге береді, үшіншілері қолынан шығаруға қорқып, жұмысты ұзақ ұстап қалады, әсіресе бұл бақылау жұмысы болса.

Оқушылар мұғалімнің «Сен қате жібердің» деген ескертуіне де әрқилы үн қатады. Біреулер қатенің қай жерден кеткенін көрсетпеуді, қатені өздері тауып, түзеуге мүмкіндік беруді өтінеді. Екіншілері қобалжып: «Қайда? Қандай?» деп сұрайды, мұғаліммен сөзсіз келісе отырып, оның көмегін бағынышты түрде қабылдайды. Үшіншілері түрлі жағдайларға сілтей отырып, бірден ақталуға кіріседі.

Оқушының өзін-өзі бағалауы

Жіберілген қателікке, өзінің мүлт кеткен жеріне, оқу мен тәртібіндегі кемшіліктерге көзқарас – тұлғаның өзін-өзі бағалауының маңызды көрсеткіші.

Оқушының өзін-өзі бағалауын қалыптасты-руда баға мен бағалаудың рөлі

Өз жұмысындағы қателіктерге өзін-өзі қалыпты бағалайтын балалар барынша дұрыс ден қояды: олар өз бетінше және тіпті қызығушылықпен қатені іздеуге кіріседі. Өзін-өзі төмен деңгейде бағалайтын балалар, қатені өздігінен табу ұсынылса, әдетте жұмысты үнсіз бірнеше рет оқып шығады, ештеңе өзгертпейді. Көібенесе бірден ұнжырғасы түсіп, бәрібір ештеңе таба алмайтынын желеу етіп, өзін тексеруден бас тартады.

Баланың өз-өзін бағалауы оның өзін қалай бағалайтынынан ғана емес, басқалардың жетістігіне қалай қарайтындығынан да байқалады. Өзін-өзі жоғары бағалайтын балалар өзін мақтамаса да, басқалардың ісін оп-оңай теріске шығарады. Керісінше, өзін-өзі төмен бағалайтын балалар жолдастарының жетістігін асыра бағалауға бейім.

Бала өзіне деген белгілі бір көзқараспен дүниеге келмейді. Тұлғаның басқа да ерекшеліктері сияқты, өзін-өзі бағалау негізгі рөл отбасы мен мектепке тиесілі тәрбие процесінде қаланады.

Өзін-өзі жоғары бағалайтын балалар белсенділігімен, оқуда да, қоғамдық өмірде де, ойындарда да жетістікке жетсем деп ұмтылуымен ерекше- ленеді.

Өзін-өзі төмен бағалайтын балалар мүлде басқаша. Олардың негізгі ерекшелігі – өзіне деген сенімсіздігі. Қай істі бастаса да олар өз істерінен тек табыссыздық күтеді.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Жұмыс істейтін адам белгілі бір қатынаста өзі істейтін іске мұқтаж, өз еңбегінің нәтижесі бағалануына деген мұқтаждықты сезінеді. Бәрінен бұрын ол мақұлдауға, оң бағалауға мұқтаж. Теріс баға оның көңілін қалдырады. Дегенмен қатардан мүлде шығуына, еңсесінің көтерілмеуіне және жұмысқа деген құлшынысын тоқтатуға немқұрайдылық, яғни еңбегінің еленбеуі, оның мүлде көзге ілінбеуіқатты әсер етеді.

Баланың отбасылық өміріндегі баға мен бағалау

Отбасында баға жетістік деңгейінің өлшемі емес, жазалау немесе мадақтау құралына айналады.

Педагогикалық баға отбасының балаға деген көзқарасының даму негізі ретінде көрініс береді. Егер мектепте баға бағалаумен байланысты болса, оқушының отбасында ол бағасыз, өз бетінше әрекет етеді, сондықтан бағаны ашу, ұғыну оңай емес. Оның шынайы міндеті отбасынан бақылау мен оқуда оқушыға көмекті күшейтуді талап етумен тұжырымдалады. Балалардың бағасы көп жағдайда отбасындағы өзара қарым-қатынасты ғана айқындап қоймайды, ата-аналардың жұмыстағы көңіл күйіне, олардың үнемі қарым-қатынаста болатын қоғамдық ортасына да әсерін тигізеді.

Баға бойынша ата-аналар баланың оқуға деген қатынасы туралы ғана жорамалдамайды, оның өзі туралы да пайымдайды: ынтамен дайындала бастады ма немесе сабақты мүлде тастады ма; мейірімді, елгезек бола бастады ма, әлде өзін арсыздықпен ұстай ма. Бала бестен төмен баға алғанда, ересек адам баланың бірнәрсені білмейтінін, қолынан келмейтінін немесе істей алмайтынын, оған көмек беру керектігін сезінеді. Бірақ дәл не екенін және қалай көмектесу керектігін білмейді, өйткені баға мұны көрсетпейді. Сондықтан балаға көмек берудің түрлері өте қайшылықты және әрекетсіз болады.

Отбасылық қатынастағы түрлі өзгерістер баланың бойында ауыр күйзеліс туғызады. Бала бірнеше себептерге байланысты жақындарының өзіне деген жақсы қарым-қатынасын оқудағы сәтсіздіктері салдарынан әрдайым сақтай алмайды, ол отбасындағы шиеленісті болдырмау үшін көбінесе басқа жол іздейді:

  • қалаған бағаға қол жеткізуге (мәселен, көшіру арқылы);
  • қалаған бағаны жасап алу (мәселен, оны ерікті түрде күнделікке және сынып журналына енгізу жолымен);
  • нашар баға алғанын жасыру;
  • нашар баға қойыларда ескерту (мәселен, мұғалімді анасының жалған ауруы туралы алдын ала хабарландыру жолымен);
  • сабаққа келмеу;
  • сабаққа кешігу, ал үйде сабақта ешқандай жаңалық болмағанын айту.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Егер басында бала қаламаған бағасын алудың салдарынан қорықса, сондықтан өтірік айтса, енді ол кінәсі өскендіктен неғұрлым ауыр жазадан шын мәнінде қорқады.Өзі жасаған жалған жақсылықты сақтап қалуға ұмтылып, ол жаңа айла мен қулыққа барады.

Бағаның ата-анасы үшін маңызы зор екенін байқаған оқушы өз жағдайын қанағаттандыруға мәжбүр ете бастайды (жақсы бағаның өтемі ретінде).

Егер бала тек нашар баға әкелетін болса, ата-аналарға кеңес

Мүмкіндігінше мынадай әрекет схемасын ұстау керек:

  • Талдау жүргізіңіз

Баға эмоционалды оқиға саналады. Ата-аналардың міндеті – баланы баға мен бағалауға өз-өзін талдауды жүзеге асыруға көмектесетін көрсеткішке қарағандай қарауға үйрету:

  • Мұғалім неге дәл осындай баға қойды?
  • Баланың қатесі неде? Бұл кездейсоқтық па, әлде игерілмеген материал бар ма?
  • Бағаны түзету мүмкіндігі бар ма? Ол үшін қандай шаралар қабылдау керек?

Аталған алгоритм балаға мектеп шегінде ғана көмектесіп қоймайды. Өмірде де көптеген сәтсіздіктер болады, проблеманы анықтап тексере білу және дұрыс шешім табу – әр адамның өміріне қажетті қасиет.

  • Жеке бастық үлгі көрсетіңіз

Балаға өзіңіздің мектептегі проблемаларыңыз туралы: үй тапсырмасын орындауды ұмытып кеткеніңізді немесе дәптерді үйде ұмытып қалдырғаныңызды айтыңыз. Мектеп тапсырмаларын әрқашан орындай берудің сәті түспеген танымал адамдардың өмірінен мысал келтіріңіз. Мұндай ақпарат – эмоционалдық алдын алу екпесі. Ол сенімділік туғызады және оптимизмге үйретеді: қателік барлық адамдарда болуы мүмкін – ол қорқынышты емес, оны түзетуге болады.

  • Қорқатын түк те жоқ

Нашар бағаның жөнсіз қойылған жағдайлары кездеседі, ол мұғалімнің түсіндірмесін қажет етеді. Бірақ көп жағдайда мұны жай ғана болмыс, әлдебір сынақ ретінде қабылдау керек. Бала мұнда тұрған ештеңе жоқ екенін түсінуге тиіс. Оған бағамен мектепте ғана емес, әрқашан және әр жерде бетпе-бет келетінін түсіндіру керек. Алайда олар арқылы толығымен көңіл күйін, жай-күйін және өзі туралы ұғымды анықтауына болмайды. Оқудағы жетістіктеріне қарамастан бағалайтыныңызға балаңыздың көзін жеткізіңіз.

  • Бағаға байланып қалмаңыз

Сіз баламен мектеп туралы сөйлесуге тиіссіз. Алайда тек баға туралы ғана емес, сыныптастарымен қарым-қатынасы, үзілісте ойнайтын ойындар туралы әңгімелесуге болады. Сонда балада мектепке деген жалпы позитивті ойлау қалыптасады.

  • Күш көрсетпеңіз немесе сөзбен жәбірлемеңіз

Балаға дене жазасын қолдану мүлде өрескел. Ұрып-соғуды бастан кешкен бала өзін қорланған және кемсінген түрде сезінеді, өз-өзіне және айналасына деген жиіркеніш пайда болады. Оның келесі тәртібі кек алуға ұласуы мүмкін. Бұдан бөлек, оны үздіксіз азапқа салған қорқыныш дамуына кедергі келтіреді.

Балаға өзінің теріс мінез-құлқының кесірінен дене жазасына ұшырағанын ұғыну қиын. Ол үшін мұндай жаза – ашудың немесе өзін жазалаған адам тарапынан жек көрушіліктің көрінісі деп санау шынайырақ. Сондай-ақ сөзбен жәбірлеу – ренішті ескерту, дөрекі сөздер, үнемі тиісу, келеке ету – қорлаудан кем емес және қол жұмсаудан кем болмайтын зиянын тигізе алатынын байқаған жөн.

Есті тәрбие (Хинг Ши)

Бір күні Хинг Шиге жас шаруа әйел келіп:

– Ұстаз, ұлымды қалай тәрбиелесем екен: мейірімділікте ме, әлде қаталдықта ма? Қайсысы маңызды? – деп сұрады.

– Жүзімнің сабағына қарашы, – деді Хинг Ши. – Егер сен оны кеспейтін болсаң, аяғаннан артық бұтақтары мен жапырақтарын үзіп тастамасаң, сабағы жабайыланып кетеді, ал сен оның өсуін бақыламағандықтан жақсы және тәтті жидек береді деп күтпей-ақ қой. Егер сен сабағын күн сәулесінің шуағынан жауып отырсаң және тамырларын күн сайын қамқорлықпен суарып отырмасаң, ол мүлде солып қалады. Тек оны да, басқасын да парасатты түрде үйлестіргенде ғана қалаған жемісіңнің дәмін тата аласың.